МОНҒОЛ ТАҒЫНДАҒЫ МЕРКІТ ХАНШАЙЫМДАРЫ

Мақалалар

 

 

Бұл мақалада Ұлы Монғол империясының патшайымдары болған — Шыңғысханның екінші әйелі — Құлан-Хатун, Төрегене, Оғул Қаймыш қызметінің тарихнамасы зерттеледі.

Байқалдың арғы бетіндегі Меркіт тайпасы Шыңғысханның жылы қабағына ілінбесе де, Монғол империясының саяси тарихында маңызды рөл атқарды. Бұл, әсіресе, ерлері қырғынға ұшыраса да, монғолдармен саясатын жалғастыруды тоқтатпаған әйел адамдарға қатысты.

Ерте орта ғасырларда Меркіттер дубоның үш тайпасының арасында аталған екен және Тыва аумағында қоныс тепкен. Сондықтан, оларды ортағасырлық тувалықтар деп атауға әбден болады. О.Мудрактың X ғасырда Саяндағы көші-қон туралы лекциясына сүйенетін болсақ, саха тілі тува-тофалар тілінен шыққан.

Кез келген тарихи шығарма секілді, «Монғолдың құпия шежіресінің» (бұдан әрі — МҚШ) жарыққа шығуы саяси тапсырыспен байланысты болуы мүмкін. Бұл жазба сол уақыттағы Монғол жерінде орнаған саяси жағдайларға байланысты 1240 жылы жазылған (Гумилев 1994: 223). Соның ішінде, бас қаһарман — Темүжін – Шыңғысханның бейнесі жағымсыз кейіпте суреттелген (213-224). Сондықтан, саяси тапсырыс ретінде «Монғолдың құпия шежіресі» кімге бағытталуы мүмкін?

Кез келген экзогамдық (туыстас адамдар арасында некеге тыйым салу) ру тәрізді көне монғол тайпалары да көршілес тайпалармен некеге тұрған. Монғолдар көрші тайпалармен жиі құдандалы болды, кейде, көрші меркіт тайпасымен ұрланған әйелдер үшін соғысқан. Нәтижесінде, меркіт әйелдері ханым атанатын, осылайша олар Монғол империясының тарихында маңызды рөл атқарды.

Сөйтіп, Үгедейдің жесірі (Шыңғысханның ұлы) Төрегене-хатун он жыл бойы Монғол империясын биледі. Соның ізімен Меркіт руынан шыққан Оғұл Қаймыш ұлы империяның билеушісі болды. Шыңғыс ханның екінші әйелі, меркіттердің көшбасшысы Үйсіннің қызы Құлан-Хатун да елеулі рөл атқарды.. Олардың саяси қызметі әлі тарихта кеңінен зерттелген жоқ.

Қаһарлы Шыңғысхан Қосай меркіт тайпасын әлсірету үшін Селенге мекеніне басып кірген кезде,   көсемі Дайыр Үйсін оның көңілін аулау үшін қызы Құлан-Хатунды жіберді. (Рашид ад-Дин, 1952: 116). Шыңғыс хан Дайыр Үйсін қонысын қиратып, әйелі Төрегенені тартып алып, оны Үгедейге сыйға берді.

Осылайша, Құлан-Хатун Шыңғысханның иелігіне берілді. Тиваненконың айтуынша, ол таңғаларлықтай сұлу  болған және Шыңғыс ханның сүйікті әйелдерінің біріне айналған. Елінің сүйіктісі атанған оған қаза болғаннан кейін лайықты құрбандық шалынып, шамандық қорымға қойылған. Құлан Хатун Шыңғыс ханның алтыншы ұлы Құлқанның анасы болды (Тиваненко, 1998:57).

Жан Поль Ру Төрегененің найман екенін жазған. Ол Шыңғысханның ата жауы Тоқтабектің ұлының әйелі болған (Ру 2006: 329). Юаньши жерінде Төрегенені  (Туракина — орысша) наймачжэн тегінен шыққан Лю империясының патшайымы деп атайды (Храпачевский, 2005: 493) . Осылайша, Меркіт тайпасынан екі ханшайым шығуы мүмкін. Бірі – Найман тайпасынан шыққан Төрегене (Дорагенэ — монғолша),Тоқтабектің (Тохтоа — монғолша) үлкен ұлының әйелі. Екіншісі Төрегене (Туракина) – Дайыр-Үйсіннің әйелі. Дегенмен ақпарат көздері бір ханшаны шатастырады. Оның есімінің мағынасына қатысты бізге Д.Б.Цыбикдоржиеваның зерттеуіндегі Байкалдың арғы жағындағы эвенк елінің сөзінен шыққан – турлак, турак («қарға») нұсқасы кезікті. Салыстырмалы тұрғыда саха тілінде тураах «қарға» деген мағынаны білдіреді.

Жувейнидің айтуынша, Төрегене Шағатай мен басқа ханзадалардың келісімімен  патшалықты басқаруға қайтыс болған ханның үлкен ұлдарының анасы тағайындалу керек деген желеумен регенттік алды(уақытша басқару құқығына ие болды). Алайда, Рашид ад-Дин атаққұмар әйелдің билікті озбырлықпен тартып алғанын тұспалдайды. «Үлкен ұлдардың анасы болған Төрегене-хатун, билікті құлық-сұмдықпен, туыстарының келісімінсіз мемлекеттегі билікті өз еркімен алып, оларға сыйлықтар тарту етіп, құрбандық жасау арқылы туыстарын  өзінің жағына шығарған. Сөйтіп барлығы оның қарамағына өтіп, жақтаушысы болды» (Рашид ад-Дин, 1960: 114-115).

Отандық және шетелдік зерттеушілер Монғол империясының тағында отырған Меркіт ханшайымдарының тарихи рөлі туралы түрлі бағытта жазуда. Солайша, орыс ғалымдары монғол еңбектерін негізге ала отырып олардың жағымсыз жақтарын баса көрсетеді. Бір деректерде Төрегене-Хатун Меркіт тайпасынан шыққандығы айтылса, екінші бір деректерде – ол Меркіт тайпасының басшысының әйелі ғана болғандығы және Шыңғысханның Меркіттерді басып алу кезінде тұтқынға түсіп, Шыңғысханның ұлы Үгедейге әйелдікке берілгені аталады. Т.И.Сұлтанованың көрсетуінше, Төрегене ұсқынсыз, биліксүйгіш әрі кекшіл әйел болған. Үгедей ханның кезінде ол кейбір мемлекет басқарушыларға көңілі толмай, оларды жек көрген. Жесір әйел өзінің қулығы мен ептілігінің арқасында монғол елінің толыққанды билеушісі бола алды, ол әр адамға лайықты өтеуін берді. Нәтижесінде регентші ханымның ордасында наразылық жаңғырды( Сұлтанов, 2006: 41).

Л.Н. Гумилев Төрегене-Хатунның регенттік дәуірін әскери партияның үстемдік дәуірі деп санайды. Төрегене үшін оппозицияның қолдауына жүгінбей бірнеше жылға шыдас беруге Үгедейден мирас боп қалған мұра жеткілікті еді. Бірақ оның сөзінше, «Төрегене сияқты ақымақ, надан әйел, мұндай істен хабары болмады» (Гумилев 1994: 171) .

А. Доманинның айтуынша, «Төрегене империя аумағында да,  Моңғол империясының орталығында да шексіз билікке ие болды. Мемлекеттік істен хабары жоқ патшайым билікті бұлай қолдану арқылы Моңғол империясының негіздерін әлсіретті. Қасына ішінде ең жақыны саналатын Фатима ханымы да бар, дайын асқа тік қасық, маймөңкелеп күн көретін, айтқанын ойындауға әзір жандайшаптарын жинағанымен Төрегене билікті дөңгелетіп кете алмады. Оның бірінші ішкі саяси істерінің бірі – империяның жоғарғы канцлері, сол дәуірдегі ұлы мемлекет қайраткері, атақты Елюй Чуцайды қызметтен босату болды. Махмұд Ялавач сынды лауазымды адамдар да қуылды, олардың орнына патшайымның айтқанынан шықпайтын, қарапайым адамдар ауыстырылды. Шыңғыс ханның құрған мемлекеттің құлдырап, құлау алдында тұрғаны анық болды. (Доманин, 2005: 367-368)

Рашид-ад-Дин Төрегененің биліктің басы-қасындағыларды ауыстыруына не себеп болғанын оның күйеуінің ел басқарған уақытта оларды жек көргендігімен түсіндіреді. Толыққанды билеуші болған уақытта әр қайсысына өз жазасын беруді қалады. Фатиманың кеңесімен Төрегене әмірлер мен төрелерді ауыстырып, орнына надан адамдарды тағайындады. Шыңғысханның ағасы Темүге Отшығын күшпен батыл қимылдап тақты тартып алғысы келді. Осы мақсатпен ол көп әскермен хан ордасына бет алады. Бұл жорығының әсерінен монғол әскері мен ұлысында толқу болды. Төрегене оған бұл әскери дайындықтың мақсатын білмекке шабарман жібереді. Отшығын өз әрекетіне өкініп, кешірім сұрайды (Рашид ад-Дин, 1960: 115-116).

Бірақ барлық ресейлік зерттеушілер Төрегененің саяси қызметі туралы мұндай бағамдаулармен келісе қоймайды. А.В. Тивоненконың көрсетуінше, «кейбірі оны ақымақ және надан әйел деп санайды, бірақ оның бұл әрекеті әлеуметтік оппозициялық топтарға деген қарсылығымен немесе өзінің тұтқынға түсуі және меркіт тайпасына монғолдардың істеген қасіретін ұмытпағандықтан деп түйсіндірілуі мүмкін. Тіпті, 1246 жылдың тамыз айында ұлы Гуюк (Күйік) таққа отырған кезде де, ол монғолдар мен оның жақтастарынан кек алуды тоқтатпаған» (Тиваненко, 1998:58).

Естігендердің сөзіне сенсек, осы Төрегене ұлы князь Ярославты улады деген деректер бар, екінші деректерде, оның мұрагері Оғұл-Қаймыш Ярославичтердің ұлы княздігіне, соның ішінде Александр Невскийге құқық берген. Куәгерлердің айтынша, Ярослав омыртқасы сынып қаза тапқан. Күшін жою келісіміне орай, Ярослав Рим Папасымен және Лион соборымен келісім жасасқан. Сондықтан Ресей әміршілері өздерінің өзекті саяси мәселелерін шешу үшін Қарақорымға шанамен баратын болған.

Төрегененің ұлдары Кушу мен Құтан кенеттен ауырып, қаза болады. Тақ үшін күрес басталғанда Төрегене-хатун өзінің немересі, Кучудың ұлы, ақылды әрі мейірімді мұрагер ханзада Ширамунға қарсы шығып, залым мінезімен ерекшеленетін Күйіктің кандидатурасын қолдады. Бұл өз кезегінде Қытай ғалымы Гэ Шао-миннің Төрегене тек Күйіктің ғана анасы болды, Үгедейдің ұлдарының анасы басқа әйелдер деген болжамын туғызды (Сұлтанов, 2006: 44). Күйік Үгедейдің ұлы емес, Меркіт көшбасшысының ұлы деп айтуға да болады. Мұндай тұжырымға келуімізге «Монғолдың құпия шежіресі» жазбасындағы Үгедейдің ұлы туралы «шірімеген жалғыз жұмыртқа» деген сөзі әсер етті.

Шетелдік зерттеушілер Төрегененің тарихи портретін жақсы сипатта бейнелейді. Лео де Хартог өзінің кітабының бір бөлімін Бойл еңбектерінің дәйексөздерінен алады «Төрегене өте ақылды және көреген әйел болған» (Хартог, 2008: 238). Джон Мэн Төрегенені плано Карпинимен келісе отырып, Сорхахтанидан да жоғары дәрежені иеленген билікқұмар, күшті, жалғыз ханым деп атайды. Рашид-ад-Динның дәлелінше, ол «Аса сұлу емес, бірақ өте күшті болған». Джон Мэн бұған ескерту айта отырып, «оның мұндай көзқарастары ол сотталып, қызметінің іздері өшкеннен кейін пайда болған» дейді (Мэн, 2008:37).

Лео де Хартог Төрегененің найман руынан шыққанын және монғолдармен шайқаста қаза тапқан Меркіт көшбасшысының әйелі болғандығын мәлімдейді. Төрегене Монғол мемлекетінің басшысы бола алатын еді, бірақ оның кандидатурасына көптеген қарсылықтар туды. Ол билікке Шағатайдың көмегімен әрі өзі ұйымдастырған қастықтық арқасында келді. Бұл қуатты әрі жігерлі әйелдің бар мақсаты шақырылған құрылтайда өзінің үлкен ұлы Күйікті билеуші етіп таңдату еді. Парсы тарихшылары Джувейни мен Рашид-ад-Дин Толуйдың (Төле) жесірі Соркактаниді аса дәріптеп, ал Төрегенені ұлының жағында болғаны үшін жақтыра қоймады.

Төрегене-хатун бастапқыда қайтыс болған күйеуінің басқару үрдісін ең басты мемлекеттік ережелерді сақтай отырып жалғастырған. Шыңғыс ханның өсиеттерін қатаң ұстанатын Шағатай қайтыс болғаннан кейін, Төрегене саясаты күрт өзгереді. Ол ең алдымен жаулары – Фатима-хатун мен Абд ар-Рахманды қызметтен босатты.  Содан кейін Үгедейдің уәзірлері ұйғыр Чинкай мен хорезмдік Махмуд Ялавач айдауға жіберілді. Ол Ширэмунды хан сайлау үшін шақырылатын құрылтайды барынша кейінге калдыруға тырысты. Күйік өзін хан етіп сайлауды кейінге қалдыруына байланысты өкпесін білдіріп анасынан алыстап кетті. Р.Ю.Почекаев Төрегененің жалғыз ерлігі билікті Бөржігін руының басқа аталарына емес Шыңғыстың бел балаларында қалдыруы деп есептейді (Почекаев, 2006: 221).

А.А.Доманиннің айтуынша, Күйік Төрегененің жандайшаптары Фатима-хатун мен Абд ар Рахманның сазайын тартқызды. Төрегененің өлімі өте жұмбақ күйде қалды (Доманин, 2005: 369). Р.П.Храпачевский Төрегене мен Сорхухтани-бегінің басқарған ұйымдарын топтық жұмысқа жатқызады. Олардың екеуі де жарлықтар шығарып, салық жинатты. Үгедейдің жарлығы бойынша немересі Ширамун хан болуы керек еді, бірақ Төрегене ешкімге құлақ аспастан, ұлы Күйікті хан етіп сайлады (Храпачевский, 2005: 392-394).

Төрегененің барлық зұлымдық әрекеттері Джувейни мен Рашид-ад-Дин атты парсының екі тарихшысының еңбектерінде сипатталды, бірақ олар Парсы жеріндегі кейінгі монғол билеушілерінің бірі Төле ханның жақтастарына айналды. Олар Төленің жесірі Сорхахтаниді дәріптеп, Төрегенеге сөзбен шабуыл жасайды (Хартог, 2008: 241).

Джэк Уэзерфордтың зертеуінде монғолдың ерлері жаңа жерді жаулап алудан босамаған уақыттарда, әйелдер қауымы империяны басқаратын болған.1241 жылы Үгедей қайтыс болғанда оның орнын ресми түрде Төрегене басқан. Он жыл бойы, яғни 1251 жылға дейін адамзат тарихындағы ұлы империя әйелдердан құралған шағын топтың бақылауында болған. Төрегене империяны басқарды. Ерлер соғысып жүргенде, ол өзінің өзгеше саясатын жүргізді, бүкіл империяның көлемінде дін мен білімді қолдады, қоғамдық ғимараттарды салғызды. Үгедейдің қазасынан кейін көп ұзамай Төрегене өз ұлы Күйікті Ұлы Хан сайлау үшін құрылтай шақырады. Төрегене шетелдік құрметті қонақтар мен бүкіл монғол халқы үшін ашық іс-шара өткізеді. Тамызда өтетін рәсімге жаз бойы әлемнің әр бұрышынан шетелдік қонақтар ағылып келіп жатты. Әмірлер, әкімдер патшалар мен князьдар бір жолда бір-бірін итермелеп жүрді (Уэзерфорд, 2005: 304).

Жаңа Ұлы Ханды сайлау 2000 адам сыятын үлкен шатыр астында өтті. Шатыр ағаш қорғанды Үлкен Ордада орналасты. Барлық Шыңғысхандықтар қатысты. Үлкен империяның әр бөлігінен қонақтар жиылды. Вассалдардың өздері де болды немесе елшілерін жіберіп отырды. Жиын моңғол элитасында әсер қалдыратындай үлкен оқиғаға айналды (Хартог, 2008: 241-242).

 

Карпинидің көрсетуінше, монғолдар жаулаған 2000 ел мен жерден елшілер келді, олардың арасында Селжұқтар сұлтаны, Грузиндер патшасы мен Бағдат халифі болды. Соның ішінде ерекше құрметке бөленген Рим Папасының елшісі Карпини мен орыс князі Ярослав болды, себебі оларды монғолдар толық жаулап алмаған еді. Сонымен қатар Карпини Төрегененің ордасын Сир немесе Сир Орда деп атайтындығын айтады, бұл атау көптеген зерттеушілерге түсініксіз боп келді. Себебі монғол тілінде осы атауға ұқсас сөз жоқ. Зерттеушілердің пікірінше, арабтардың «Мукаддимат Ал Адаб» атты сөздігінде ерте ғасырдағы монғол тіліндегі керейіт диалектісінде кездесетін «жер» сөзімен «сир» сөзінің мағынасы ұқсас. Бұл сөз саха тілінде де осы мағынаға ие.

Осылайша, А.А.Доманин мәлімдегендей: «Төрегененің ұмытылысы жүзеге асты, —  оның тұңғышы Күйік хан болды. Бірақ Ханша ұзақ өмір сүрген жоқ: үш айдан кейін қайтыс болады, бұл жағдай көптеген мүдделі тараптардың қатысуынсыз орын алды дегенге сену қиын» (Доманин, 2005: 369). Күйік болашақ Ұлы хандар тек оның отбасы мүшелерінің арасынан таңдалуы керек деген шарт қояды. Бірақ 70 жасқа келгенде Күйіктің мықты кеңесшісі Сүбедей қайтыс болады. Лео де Хартогтың Бретшнейдер мен Рене Груссеге жасаған сілтемесіне қарап, Күйіктің 1246 жылы еуропалық елдерге жасаған жорығынан өз жеріне оралған кезде сол жылы қайтыс болғанын көреміз (Хартог, 2008: 248).

Төрегененің ұлы Күйік қайтыс болғаннан кейін әйелдердің билікке таласы қайта жалғасты. Күйіктің жесірі, меркіт тайпасынан шыққан — Оғұл Қаймыш билікке таласқанымен, сәтсіз болды. (Уэзерфорд, 2005). Өзінің жерлестері мен енесі Төрегенеге қарағанда ол Шыңғыс ханды жақтаушыларға қарсы шыға алмай, өз билігін күшейтуге шамасы келмеді (Почекаев, 2006:231). Р.Ю.Покачаевтың зерттеуінше, Оғұл-Қаймыш өз уақытын сауда мен байлық жинауға арнап, күндер өте билікті уысынан шығарып алды.

А.А.Доманин де Оғұл-Қаймыштың саясатын сынға алады. Үгедейліктердің қолынан биліктің кетуіне «өзінің ақылының аздығынан Төрегененің әрекеттерінен және Соркуктанидің мінсіз тәртібінен асып түскен» деп Оғұл-Қаймышты айыптайды (Доманин, 2005: 371).

Жаңа регентші Оғұл ханша да өзінің бұйрығы бойынша жаңа ханды сайламақ ниетте болды. Оның таңдауы Ширамунға түсті. Бірақ оған Төленің жесірі, қытайлықтар мейірімді, алғыр, ұлы және қасиетті патшайым деп баға берген Сорхахтани тосқауыл болды. Ол теріс пиғылды Төрегене кезеңіндегі Күйік жүргізген тергеуден мінсіз таза абыроймен өтті (Ру, 2006:347-348).

Жаңа билеуші Мөңкенің анасы керейіт тайпасынан шыққан ханша Сорхахтани-бегі бақытсыз Оғұл-Қаймыш-Хатунды қамауды тапсырады. Оны жалаңаштап, мазақ қылып, киізге орап, сол тайпадағы тағы бір ықпалды әйелмен бірге суға батырып жібереді. Олардың отбасындағы үшінші әйелді көрпеге орап, өлім жеткенше тепкілеп, ұрып-соққан (Уэзерфорд, 2005: 316).

Осылайша, Моңғол империясында меркіт тайпасының әйелдері үлкен рөл ойнаған. «Монғолдың құпия шежіресінің» пайда болуының өзі айналасын қоршаған билік пен  империяның тақтан түсуіне байланысты қандай да бір құпияның болғанын көрсетеді. Л.Н.Гумилевтің айтуынша, «Монғолдың құпия шежіресінің» авторының мақсаты «империяны хан емес, оның айбынды әскері құрғандығын» дәлелдеу болған. Сондықтан Л.Н.Гумилев «Моңғолдың құпия шежіресін» зерттеу және Шыңғысханның қатаң тарихи сын арқылы әлеуметтік талдауды арттыру мәселесін көтерді(Гумилев, 1970: 471-472)

V. V. Ushnitsky

Дереккөз:

Гумилев, Л. Н. (1994) В поисках вымышленного царства. СПб. : Абрис.

Гумилев, Л. Н. (1970) Тайная  и явная  история  монголов XII–XIII вв. // Татаро-монголы в Азии и Европе. М. : Наука.  С. 455-474.

Доманин, А. А.  (2005) Монгольская империя Чингизидов. Чингизхан и его преемники. М. : ЗАО Центрполиграф.

Уэзерфорд, Дж. (2005). Чингисхан и рождение современного мира.  М. : АСТ.

Мэн, Дж. (2008) Хубилай: От Ксанаду до сверхдержавы. М. : АСТ.

Почекаев, Р. Ю. (2006) Батый, Хан, который не был ханом. М. : АСТ ; СПб. : Евразия.

Рашид-ад-Дин (1952). Сборник летописей. Т.I. кн.1. М. ; Л. : Изд-во АН СССР.

Рашид-ад-Дин (1960).  Сборник летописей. Т.II.  М. ; Л. : Изд-во АН СССР.

Ру, Жан-Поль (2006). История империи монголов. Улан-Удэ : Изд-во Бурятского госуниверситета.

Султанов, Т. И.  (2006) Чингиз-хан и Чингизиды. Судьба и власть. М. : АСТ.

Тиваненко, А. В. (1998) Гибель племени меркитов.  Слюдянка.

Хартог, Лео. (2008) Чингисхан. Завоеватель мира. М. : Олимп : АСТ : Астрель ; Владимир : ВКТ.

Храпачевский, Р. П. (2005) Военная держава Чингисхана. М. : АСТ : ЛЮКС.

«Қамшы» сілтейді

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *